2016 жылғы 28 қаңтар,Астана қаласы
Оқу жетістіктеріне сырттай бағалау жүргізу қағидаларын бекіту туралы
«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 12) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Оқу жетістіктеріне сырттай бағалау жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. «Оқу жетістіктерін сырттай бағалау нұсқаулығын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2012 жылғы 6 сәуірдегі № 151 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2012 жылғы 11 сәуірде № 7553 болып тіркелген, «Егемен Қазақстан» 2012 жылғы 18 сәуірдегі газетінің № 162-163 (27237) санында жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (С.Н. Нүсіпов) белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiнде орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
4) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы 2-тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы С.Н. Нүсіповке жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы рет ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А. СӘРІНЖІПОВ
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №94 бұйрығымен бекітілген
Оқу жетістіктеріне сырттай бағалау жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабының 12) тармақшасына сәйкес әзірленді және орта және жоғары білім беру ұйымдарында оқу жетістіктеріне сырттай бағалау (бұдан әрі - ОЖСБ) ұйымдастыру және жүргізу тәртібін:
1) бастауыш мектепте – оқу жетістіктерін мониторингтеу мақсатында іріктеліп;
2) негізгі мектепте – оқу жетістіктерін мониторингтеу және оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігін бағалау мақсатында іріктеліп;
3) жалпы орта мектепте – оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау мақсатында;
4) жоғары білім беруде – оқыту бағыттары бойынша оқу бағдарламасын игеруді мониторингтеу мақсатында іріктеліп айқындайды.
2. Осы қағидаларда мынадай ұғым пайдаланылады:
1) тест спецификациясы – бұл тесттің жалпы сипаттамасы, тапсырманың саны мен мазмұны, белгіленген емтихан үшін нақты пән бойынша тестілеудің уақыты сипатталған құжат.
3. Қағидалар меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына, үлгілері мен түрлеріне қарамастан орта және жоғары білім беру ұйымдарына таратылады.
4. Орта және жоғары білім беру ұйымдарындағы ОЖСБ-ның міндеттері:
1) білім алушылардың білім сапасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім берудің стандарттары талаптарына сәйкестігін айқындау;
2) оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігін бағалау;
3) білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметінің сапасына салыстырмалы талдау жасау болып табылады.
5. ОЖСБ нәтижелерін рейтингтік зерттеулер жүргізетін ұйымдар пайдалануы мүмкін және Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесінің жағдайы мен дамуы туралы Ұлттық баяндамаға енгізіледі.
6. Тестілеу оқыту тілінде өтеді.
7. ОЖСБ жүргізілетін орта білім беру ұйымдарының және жоғары білімді мамандықтардың және жоғары оқу орындарының (бұдан әрі – базалық ЖОО) тізбесін Заңның 55-бабының 6-тармағына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) жыл сайын айқындайды.
8. Тапсырмалар саны мен мазмұны, сондай-ақ тестілеуге бөлінетін сағат саны әр пән бойынша тесттің спецификациясына сәйкес айқындалады. Тест спецификациясын уәкілетті орган әзірлеп бекітеді.
9. Білім беру ұйымдарында ОЖСБ-ны өткізу қағидаларының сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) және Министрліктің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Білім саласындағы бақылау департаменттерінің уәкілетті өкілдері (бұдан әрі - БСБД) жүзеге асырады.
10. Министрліктің және БСБД-ның уәкілетті өкілдері:
1) ОЖСБ-ны өткізу жөніндегі ұйымдастыру жұмысын;
2) ОЖСБ мәселелері жөніндегі білім алушылардың арасында ақпараттық-түсіндірме жұмысын;
3) ОЖСБ өткізу кезінде металл іздегіштерді, мобильдік құрылғылардың дыбысын басатын қондырғыларды және бейнебақылуышты пайдалану жұмысын үйлестіреді.
11. ОЖСБ өткізу кезінде Министрліктің және БСБД-ның уәкілетті өкілдері білім алушылармен тестілеу материалдарын толтыру және рәсімді өткізу тәртібін түсіндіру жұмысын жүргізеді.
Тестіленушілерге:
1) бір орыннан екінші орынға ауысуға;
2) Министрліктің және БСБД-ның уәкілетті өкілдерінің рұқсатынсыз тестілеу материалдарын ашуға;
3) тестілеу материалдарын басқа оқушының материалдарымен айырбастауға;
4) калькуляторды, анықтамалық әдебиеттерді (Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестесінен басқасын), электрондық жазба кітапшаларын, түзету сұйықтығын және мобильдік байланыс құралдарын пайдалануға;
5) басқа білім алушылармен сөйлесуге және көшіруге, шпаргалка және басқа да анықтамалық материалдарды қолдануға;
6) Министрліктің және БСБД уәкілетті өкілдерінің рұқсатынсыз аудиториядан шығуға рұқсат етілмейді.
Тестілеуге кіргізу барысында бөгде адамды анықтаған жағдайда Министрліктің және БСБД-ның уәкілетті өкілдері бірлесіп, бөгде адамның қатысуымен тиісті актіні жасайды, бөгде адам мен білім алушының өзі тестілеуге жіберілмейді, нәтижелері жойылады;
Тестіленуші осы Қағиданы бұзған жағдайда Министрліктің және БСБД-ның уәкілетті өкілі тестіленушіні аудиториядан шығару туралы шешім шығарып, тестілеу нәтижелерін жояды.
12. ОЖСБ өткізу кезінде жергілікті атқарушы органдар мен базалық ЖОО-лардың ректорлары:
1) ОЖСБ мәселелері бойынша жұртшылық арасында ақпараттық-түсіндірме жұмысын жүргізеді;
2) медициналық персонал жұмысын қамтамасыз етеді;
3) электрмен жабдықтаудың және телекоммуникацияның үздіксіз жұмыс істеуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
4) кезекшілер құрамын қалыптастырады;
5) кезекшілердің тестілеуге келуін қамтамасыз етеді;
6) қоғамдық тәртіп күзетін, тестілеуге жіберу кезінде металл іздегіштерді, ұялы телефон дыбысын басатын қондырғыларды және бейнебақылуышты қолдануды ұйымдастырады;
7) ОЖСБ өтетін мекемені тестілеу басталғанша жарылғыш заттардың бар-жоғын анықтау үшін тексеруді жүзеге асырады;
8) Министрлік өкілдерінің жұмысы үшін жағдай жасайды;
9) тестілеу басталғанға дейін санитариялық-гигиеналық нормалардың сақталуына, тыйым салынған заттардың (ақпараттық және анықтамалық материалдар, электрондық кітапшалар, калькуляторлар, мобильді құрылғылар мен фотоаппараттар) барлығына (жоқтығына) тестілеуге арналған жағдай жасайды;
Министрліктің және БСБД-ның уәкілетті өкілдері бірлесіп мүгедек бітірушілер, даму мүмкіндіктері шектеулі, көру қабілеті нашар (көрмейтін, нашар көретін), есту қабілеті нашар (естімейтін, нашар еститін), өздігінен жүріп-тұру функциясы бұзылған мүгедектер және қант диабетімен ауратын бітірушілер үшін жеке аудитория бөлу туралы шешім қабылдайды.
2. Жалпы орта білім беру ұйымдарында ОЖСБ-ны жүргізу тәртібі
13. Жалпы орта білім беру ұйымдарында ОЖСБ 4, 9-сыныптарда жүргізіледі.
14. ОЖСБ тестіленушілер білім алып жатқан білім беру ұйымдарының базасында жүргізіледі.
15. ОЖСБ қағаз тасымалдағышты, қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қолдана отырып кешенді тестілеу нысанында жүргізіледі.
16. Жалпы орта білім беру ұйымдарындағы ОЖСБ-ны жүргізу үшін тапсырмалар жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының негізінде әзірленеді, олардың мазмұны көрсетілген бағдарламалардың шеңберінен шықпауы тиіс. Білім алушылардың пәндік білімдері мен функционалдық сауаттылықтары: математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, ғылыми-жаратылыстану сауаттылығы, ақпараттық-коммуникациялық сауаттылығы бағаланады.
17. ОЖСБ 4-сыныптарда 2 пән: математика және әдебиеттік оқу бойынша жүргізіледі.
18. ОЖСБ 9-сыныптарда қазақ тілі және басқа жалпыға міндетті пәндер бойынша жүргізіледі, оның тізбесі мен санын жыл сайын уәкілетті орган айқындайды.
19. ОЖСБ 11-сыныптарда Ұлттық бірыңғай тестілеу түрінде 5 пән бойынша жүргізіледі.
20. ОЖСБ шеңберінде білім алушылардың білім сапасына ықпал етуші факторларды анықтау мақсатында мектеп әкімшілігі және мұғалімдері, оқушылары арасында сауалнама жүргізіледі.
21. ОЖСБ нәтижелері білім беру ұйымдарының назарына тестілеу аяқталғаннан кейін күнтізбелік 3 күн ішінде жеткізіледі.
22. ОЖСБ-ның нәтижелерін өңдеу Министрліктің «Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы» РМҚК-ның филиалдарында жүргізіледі.
3. Жоғары білім беру ұйымдарында ОЖСБ-ны жүргізу
23. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында ОЖСБ оқудың барлық нысанындағы соңғы курс студенттері үшін жүргізіледі.
24. Жоғары білім беру ұйымдарында ОЖСБ өткізу үшін мамандықтар бойынша үлгілік оқу жоспарларында қарастырылған пәндер бойынша тест тапсырмалары пайдаланылады.
25. Жоғары білім беру ұйымдарында ОЖСБ 4 пән: екі - базалық, екі - бейінді бойынша жүргізіледі.
26. Білім беру ұйымының білім алушысы тестілеуге келгенде рұқсат қағазы және жеке куәландыратын құжаты өзімен бірге болуы тиіс.
27. ОЖСБ тестілеуге жататын қатысушы білім алушылар контингенті құрамының 100 пайыз қатысушы болғанда жүргізіледі.
28. ОЖСБ қорытындыларын өңдеу базалық жоғары оқу орындарында жүргізіледі.
29. Жоғары білім беру ұйымдарындағы ОЖСБ нәтижелері білім алушылардың назарына тестілеу аяқталғаннан кейін 24 сағат ішінде жеткізіледі.
30. ОЖСБ қорытындылары туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
31. ОЖСБ нәтижелерін уәкілетті орган білім беру саласындағы заңнаманы қадағалау барысында жүргізілген тексеру кезінде тәуекелдерді бағалау жүйесінің өлшемшарты ретінде пайдаланады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 26 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №13287 болып енгізілді.